Фото: Almaty.tv
Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Республикалық конкурстың қалалық кезеңінде үздік атанғандар салтанатты түрде марапатталды. Отбасылар додасы биыл да жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күніне орай 15 мамыр күні басталған еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мерейлі отбасы атанып, республикалық кезеңге жолдама алған – Сыбанбековтер отбасы. Болат Қуанышбекұлы мен Сана Шайханқызы – көпбалалы ата-ана. Олар отбасылық кәсіппен айналысады. Қайырымды әулет көп жылдан бері жағдайы төмен жанұяларға көмек қолын созады. «Мектепке жол» акциясы аясында жылда 300-ден астам баланы мектеп формасы, оқуға қажет құралдармен қамтамасыз етеді. Мерейлі отбасында «қайырымдылық жүректі нұрландырады, өмірге мән дарытады» деген жазылмаған қағида сақталған.
"Өз басым мұндай конкурсқа бірінші рет келіп отырмын. Ал Сыбанбековтер отбасы бірнеше конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанған. Бұл жолғы сайыс та жақсы өтті", – дейді қала тұрғыны Зайра Бошанова.
Ұлттық байқауға қатысуға өтінімдер мамыр-шілде айларында қабылданған. Биыл 232 отбасы конкурсқа қатысуға ниет білдірген. Алдымен аудандық комиссияның қарауынан өтіп, қалалық кезеңге 16 әулет жолдама алған. Сыбанбековтер отбасынан бөлек, ауданаралық кезеңде мерейі үстем болған отбасылар да марапатталды.
"Республикалық конкурсқа қатысқан кезде өзін көрсете алатын, жеткен жетістіктері мол, ұрпағына тамаша тәлім-тәрбие берген, олардың өмірде өз орнын табуға ықпал еткен және соның игілігін елі де, ата-ананың өзі де көріп отырған жанұяның озып шығуы бәрімізді қуантуы керек", – деді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.
Комиссия құрамында қала әкімі мен орынбасары, бірнеше басқарма басшысы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаттары және қаланың құрметті азаматтары болды.
"Қалалық комиссия жеңімпаздарды анықтауда мынадай критерийлерге баса назар аударды. Олар отбасының жетістігі, отбасының бос уақытта немен айналысатыны, қоғамдық жұмысқа араласуы, жәдігерлері, отбасы қызығушылығы", – дейді Қоғамдық даму басқармасының бас маманы Ақбота Садық.
Қоғам назарын отбасылық құндылықтарды сақтауға аударып, оны дәріптеу мақсатында елімізде әр жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналған. Биыл Республика көлеміндегі конкурстың бастау алғанына 10 жыл болды.