11 қыр, 2019 сағат 14:16

Алматыда мектеп терезесінен оқушы құлап кетті

Алматы қаласындағы мектептердің бірінде 1-сынып оқушысы екінші қабаттан құлап кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оқыс оқиға 10 қыркүйек күні болған. Бірінші сынып оқушысы №80 мектепттің екінші қабатынан құлаған.

Жарақат алған бала шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды, содан кейін травматология бөліміне ауыстырылды.

«Алты жасар баланы көпсалалы медициа бригадасы тексерді. Науқасқа бас сүйегінің жарақаты, мидың шайқалуы, аяғының төменгі жағының екі жерден сынуы деген диагноз қойылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы қалыпты», - деді ведомстводан.


Кейінірек Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Қожабергенова аталған жәйт туралы түсініктеме берді.

«Бұл оқыс оқиға кеше болды. Біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Бұл жерде сабақ өткізіп жатқан мұғалім кінәлі. Қазақ тілі сабағы екі топқа бөлініп оқытылады. Сабақ аяқталған соң мұғалім, оқушыларды сынып жетекшісіне тапсыруға міндетті. Мұғалім сыныптан шығарда балаларды санамаған. Бала партаның астына тығылып қалыпты. Мұғалім сыныпты сыртынан жауып шығып кеткен. Ал сыныпта жалғыз қалған бала қорқып, терезеден секірген»,-дейді  Гүлнәр Қожабергенова.

Қалалық білім басқармасының басшысы, бұл оқиғадан соң мектеп директорына сөгіс жарияланғанын айтты.

«Бұл мәселе біздің бақылауымызда болады. Ата-аналар балаларын бізге сеніп тапсырады. Бала мектепте болғанда, оның қауіпсіздігіне мектеп жауап береді. Бүгін мен мектеп директорына сөгіс жарияладым. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - директордың бірінші функционалды міндеті», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Өз кезегінде, мектеп директоры сынып жетекшісі мен қазақ тілі пәнінің мұғаліміне сөгіс берді.