05 қыр, 2023 сағат 14:46

Алматыда қылмыстық топтан кокаин тәркіленді

Фото: Polisia.kz

Алматыда полиция қызметкерлері арнайы операция жүргізіп, қылмыстық топтан кокаин тәркіледі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"Алматы қалалық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен ұзақ уақыт бойы элиталық кокаин есірткісін сатумен айналысып келген қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.

Кешенді жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің қылмыстық әрекеттері анықталды. Олардың ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатыстылығы туралы айғақтар табылды.

Топ мүшелерін ұстау кезінде кокаин тәркіленді. Полицияға барлығы 5 адам жеткізіліп, оның екеуі қылмыстық топтың негізгі ұйымдастырушысы және белсенді қатысушысы екені белгілі болды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды" - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.