Алматыда құны $50 млн болатын Америка мен Қазақстанның біріккен өндірістік жобасы іске қосылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter парақшасындағы жазбасында айтты.
«Valmont Industries компаниясының жаһандық операциялар бойынша вице-президенті Роберт Гилленмен кездесу кезінде Алматының Индустриалды аймағында құны $50 млн болатын инвестициялық-өндірістік жобаны жүзеге асыру туралы келістік», - деді әкім.
Бұл жоба бойынша Алматы арнайы экономикалық аймағында ирригациялық жүйелерді шығаратын зауыт салынады.
«Индустриалдық аймақта сіздердің зауыттың бой көтеруі Алматы қаласының инвестициялық тартымдылығын тағы бір дәлелдесе керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Бүгінде Алматы арнайы индустриалдық аймағында 43 компания жобаларды жүзеге асыруға кірісті.
Оның 9-ына шетелдік инвесторлардың қатысы бар. Жалпы құны 181 млрд теңге инвестиция салынатын болды. 6,7 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.
Биыл жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылады.