Қаланың ерекше мәртебесі туралы заңнан соң Алматыда көшпелі сауда орындарының орналасуын реттейтін ереже бекітілетін болды. Бұл туралы бүгінгі брифинг барысында «Алматы даму орталығы» АҚ басқарма төрағасы Санжар Ізтілеуов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл ережеленің бекітілуі қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға, тұрғындардың қажеттілігіне қарай көшпелі сауда нысандарын орналастыруға мүмкіндік береді. Салық түсімі көбейіп, көлегейлі экономиканың көлемін азайтады. Бұл өз кезегінде шағын және орта кәсіпорындар үшін бизнес климатты жақсартуға мүмкіндік болмақ», - деді қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.
Ең бастысы бұл нысандарды орналастыруда балама сауда орындарының жоқтығы, инженерлік желілердің болғаны, жаяу жүргіншілер мен көлікке кедергі келтірмеуі ескерілетін болады.
Шағын және орта кәсіпорындарға қала құрылысы ережелері мен дизайн код аясында арнайы ұсыныс беріледі. Сондықтан, кәсіпкерге эскизді бекіту үшін құзырлы органды жағалап табан тоздырудың қажеттілігі болмайды.
«Алматы бизнесті жүргізу мен өмір сүруге ыңғайлы қала болуы тиіс. Жаз, күз мезгілінде адамдар сыртта отырып тамақтанғысы келеді. Жазғы тамақтану орындары сәулет нормаларына сай жасалуы тиіс», - деді қала әкімінің орынбасары.
Санжар Ізтілеуов аталған ұсыныстардың барлығы Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасында талқыланатынын айтты.
Айта кету керек, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында Үкіметке үш ірі қаланың әкімдіктерінің құзырын кеңейту туралы тапсырма берілген болатын.
Атап айтқанда, оларға қала құрылысы саясаты, көлік инфрақұрылымы, сәулеттік келбетін өзгертуге құзырын кеңейту туралы айтылған. Жолдаудан соң ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып ҚР Үкіметіне ұсыныстар берді. Осылайша 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойып, «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы заң» қабылданды.