18 нау, 2020 сағат 18:35

Алматыда коронавирус жұқтырған 18 науқас Франкфурт қаласынан келген

Мамандар Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгін, яғни 18 наурызда сағат 19.00-де COVID-2019 жұқпасын жұқтырған тағы бір әйел анықталды. 37 жастағы әйел Франкфурт - Нұр-Сұлтан - Алматы бағыты бойынша 16 наурызда ұшып келген. 

Дерт жұқтырған әйел 14 күндік үй карантиніне алынды, өйткені Германия «1б» санатына жатады. Әйел 18 наурызда дене температурасының 37 градусқа дейін көтеріліп, тамағының ауруынан өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырған және қалалық клиникалық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы қанағаттанарлық. Алматы қаласы аумағында әйелмен байланыста болған адамдар оқшауланды. Қазіргі кезде Алматының инфекциялық ауруханасында 15 пациент бар. Ал балалардың инфекциялық ауруханасында 2 бала мен сондағы бір баланың анасы ем алып жатыр. Олардың барлығы бекітілген хаттамаға сәйкес емделуде, вирусқа қарсы және симптоматиялық терапия уақтылы жүргізілуде. Барлық пациенттердің жағдайлары қанағаттанарлық екені хабарланды.

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін мына нұсқауларды мүлтіксіз орындау қажет:

- қолды жиі жуып, антисептиктерді қолданған жөн. Қолды сабынмен әрбір жарты сағат бойына 20 секунд бойы жуу керек. Егер жақын маңда қол жуатын орын, сабын болмаса, онда микробтарды кәдімгі антисептикпен жоюға болады;

- бөлмені жиі желдету қажет;

- қоғамдық орындардан аулақ болған жөн;

- қол алысуға және басқа да жақын байланыс жасауға болмайды;

- иммунитетті күшейту қажет;

- суық тию және тұмау ауруларының белгілері (симптомдары) байқалса, өзін жайсыз сезінсе, құрғақ жөтел болса, онда бірден емханадан дәрігерді немесе жедел жәрдемді шақыру қажет әрі маска киген жөн.

Анықтама үшін 1406 нөмірі бойынша Call-орталық тәулік бойына жұмыс істейді.

Ресми ақпаратты әлеуметтік желідегі Алматы қаласы әкімдігінің сайты мен ресми парақшалардан алуға болады. Қосымша ақпарат Telegram-каналдағы Stopcov Almaty жедел жарияланады.