Алматы қаласы Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен полиция басқармасының лауазымды тұлғалары алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
Бұл туралы еліміздің сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі хабарлады.
Алматы қаласының сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдік бойынша және Алматы қаласы Әуезов ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы мен полиция басқармасы кезекші бөлімінің инспекторына (жергілікті әскери басқару органына іссапарға жіберілген) қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғалар бола отырып, олар әскери қызметін кейінге қалдыру және азаматтарға әскери билет беру сылтауымен жалпы сомасы 470 мың теңгені бірнеше рет алаяқтық жолмен иемденген деген күдік келтіріліп отыр.
Қылмыстық іс күдіктілерді сотқа беру туралы мәселені қарау үшін прокурорға жолданды. Күдіктілерге қатысты олардың кінәлілік дәрежесін анықтаумен түпкілікті шешімді сот шығарады.