Алматыда көпір астында қатарынан бес автокөлік соқтығысып қалды. Жол апатының видеосы желіге тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық полиция департаментінде жол апатының себеп-салдары айтылды.
19 шілде күні, сағат 19: 30 шамасында HOWO маркалы жүк көлігін басқарған Р. есімді жүргізуші Саин көшесінің бойымен батыс бағытта және Мұстафин көшесінің көпірінің астында қашықтықты сақтамағандықтан, Lexus LX 470 автокөлігімен соқтығысуға жол береді. Алған соққыдан Lexus LX 470 автокөлігі инерция бойынша Toyota Corolla және Toyota Camry автокөліктерімен соқтығысады. Toyota Camry автокөлігі бір бағытта келе жатқан Toyota Camry автокөлігімен соқтығысады.
Жол апаты нәтижесінде Lexus LX 470 көлігінің жолаушылары ауруханаға жеткізілді.
«Аталған факт Бостандық аудандық полиция басқармасының қызметкерлерімен тергеліп жатыр», - деді Алматы қаласының полиция департаментінің анықтау басқармасының бастығы полиция подполковнигі Олжас Шәріпов.