25 қаң, 2018 сағат 13:53

Алматыда 1-9 сынып оқушылары үшін сабақтар тоқтатылады

Алматыда 1-9 сыныптардың оқушылары үшін сабақтар тоқтатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«2018 жылдың 26 қаңтарында ауа температурасының 25 градустан төмен болуы салдарынан Алматы қаласының мектептерінің 1-9 сыныптарында сабақтар тоқтатылады», делінген Білім басқармасының хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін 25 қаңтар күні Алматының бірқатар мектептерінде бастауыш сыныптардың сабақтары тоқтатылған болатын. Олар: Алатау ауданы «Заря-Восток» ықшам ауданындағы №150 мектебі, Бостандық ауданы Нұрлытау ықшам ауданындағы №190-шы және «Қазақфильм» ықшам ауданындағы №88, №70 мектептері. Сонымен қатар, Білім басқармасының шешімімен Наурызбай ауданы Қарағайлы ықшам ауданындағы №192 мектеп пен Медеу ауданы Алатау ауылындағы №7 мектепте бастауыш сыныптары мектепке бармады.

Ләззәт Жылқыбаеваның айтуынша, бұл мектептер Алматының тауға жақын ықшам аудандарында орналасқан. Кеше Алматы қаласы бойынша ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Сандуғаш Баймухамбетова -25 градус аязға екпінді жел қосылғанда Алматы мектептеріндегі бастауыш сыныптарда сабақ тоқтатылатынын ескерткен болатын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның бірнеше облысында бейсенбіде қатты аяздан мектептерде сабақ тоқтатылып, жолдарда көлік қозғалысы шектелді. «Қазавтожол» республикалық мекемесінің хабарлауынша, 24 қаңтардың кешінен бері аяздың күшеюіне байланысты Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарында барлық бағыт бойынша жолдарда қоғамдық көліктер мен дизельмен жүретін көліктердің жүруіне шектеу қойылған.

Қостанай облысында - Қостанайды Солтүстік Қазақстан және Ақмола облысымен байланыстыратын жолдарда, Денисовка кентінен Ресей шекарасына дейінгі жолда және Рудный қаласын Ақтөбе облысымен байланыстыратын жолда қоғамдық көлік пен дизельді көліктердің жолға шығуына тыйым салынды. Ақтөбе облысында - Ембі мен Шалқарды байланыстыратын жолда барлық көлік түрінің жүріне шектеу енгізілді. Шығыс Қазақстан облысында - Семейден Павлодар облысының шекарасына дейінгі жолда қоғадық көлік пен дизельдік көліктердің жүруіне шектеу қойылды.

Павлодар облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 25 қаңтарда қатты аязға байланысты мектепте бірінші ауысым оқушыларына сабақ тоқтатылды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша Өскеменде, Зырян ауданында, Семей мен Риддер қалаларында мектепте сабақ болмайды.Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде де сабақ тоқтатылды.