07 сәу, 2022 сағат 18:15

Алматыда қолында пышағы бар ер адам дүкенге кіріп, сатушыларды қорқытты


Алматыда мас ер адам азық-түлік дүкеніне жүгіріп кіріп, сатушыларды пышақпен үрейлендіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған оқиға бейне камераға түсіп, әлеуметтік желіде жарияланды. 

Оқиғаның куәгерлері – «Орбита» ықшам ауданының тұрғындары «102» пультіне қоңырау шалып, полиция қызметкерлерін шақырған. 

«Буран-125» патрульдік экипажы оқиға орнына үш минуттан кейін жетті. Ер адам шынымен де қарулы болған. Осы кезде дүкен ішінде болған адамдардың өміріне қауіп төндірмес үшін полиция қызметкерлері өте мұқият әрекет етті. Мас адамның назарын басқа жаққа аударып, диалог құрып, оған үнсіз жақындады. Бір кезде инспектор қарулы адамды ұстап алып, қолындағы пышағын жұлып үлгереді. Анықталғандай, бұл - алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланатын адам ретінде профилактикалық есепте тұрған 1978 жылы туған Б.есімді жергілікті тұрғын болып шықты. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ», - деді Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Думан Аухадиев.

Спикердің айтуынша, ер адамды медициналық тексеруге алып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Кейін оқиғаға қатысы бар адамның әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.