09 там, 2023 сағат 18:33

Алматыда қоғамдық көліктің жолақысы көтеріледі

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Алматыда қоғамдық көлікте жүрудің жаңа тарифтері бекітілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Бұл туралы мәслихаттың VII сессиясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин мәлімдеді. Оңай картасымен немесе QR коды арқылы төлем жасағанда жол жүру ақысы 100 теңге болады. Жол ақысы 20 теңгеге көтеріледі. Қолма-қол төлеген кезде жол жүру ақысы үштен бірге – 150-ден 200 теңгеге дейін көтеріледі.

"Қолданыстағы тариф тасымалдаушылардың шығындарын өтемейді, өйткені нақты тариф бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын субсидия түрінде тасымалдаушылардың шығындарын өтеп отыр. Осы кезеңге 2020-2022 жылдары төленген субсидия көлемі 115,8 миллиард теңге болды", - дейді Асқар Әмрин.

Мегаполистің көлік инфрақұрылымына түсетін жүктеме орасан зор, бұл ретте жолдардың жай-күйі, көлік паркін жаңарту, қала басшылығының жіті назарында.

"Қолма-қол ақшасыз төлемге 100 теңге және қолма-қол төлемге 200 теңге көлемінде жаңа тарифтерді қолдану биылғы жылы субсидия көлемін шамамен 10 миллиард теңгеге қысқартуға мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге мүмкіндік туады", - дейді қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Қаладағы автобустардың жолақысы соңғы рет 2017 жылы көтерілсе, 80 теңгелік жолақы 2012 жылдан бері бар.

Еске салайық, бұған дейін қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын көтеру туралы әкімдік қаулысының жобасы жарияланған болатын. Онда мұндай қадам бюджет шығындарын азайту үшін жасалғаны айтылған. 2017-2022 жылдар аралығында субсидиялау көлемі 13,8 есе, 6,9 миллиард теңгеден 50 миллиард теңгеге дейін өскен. Биылғы жылы субсидиялаудың болжамды көлемі 85,5 миллиард теңге болып, белгілі бір дәрежеде "бюджетке ауыртпалық" туғызып отыр. Нақты жол жүру ақысы субсидияларды есепке алмағанда, қолданыстағы есептеу әдісі бойынша 425 теңге болды.