05 шіл, 2023 сағат 16:28

Алматыда қоғамдық көлік ақысы көтерілуі мүмкін

Фото авторы: Данияр Мусиров, Vlast.kz

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру ақысы көтерілуі мүмкін. "Ашық НҚА" сайтында Алматы әкімдігі қаулысының жобасы жарияланды.

Қазір Алматы қаласында қоғамдық көлікте жүру ақысы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде 80 теңге болып белгіленген. Бұл мөлшерлеме 2012 жылы белгіленді және бүгінге дейін өзгеріссіз қалды. 2017 жылдан бастап қолма-қол төлем үшін жол жүру ақысы 150 теңге болып бекітілді.

"Соңғы 11 жылда тасымалдаушылар көтерген барлық шығын баптарының құны айтарлықтай өсті. Мәселен, дизель отынының құны 90 теңге болса, бүгінде ол 295 теңге (+328 пайыз) болды, газдың құны 2007 жылы 33 теңге, ал бүгінгі күні 108 теңге (+327 пайыз) болып белгіленді. Сонымен қатар, автобустардың құнын қоса алғанда, басқа да шығындар бойынша да жағдай осындай", - дейді қала әкімдігі өкілдері.

Әкімдік мәліметінше, бұл шығындар тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау көлемінен тікелей көрінеді. Мәселен, 2017-2022 жылдар аралығында субсидиялау көлемі 13,8 есе, яғни 6,9 миллиард теңгеден 50 миллиард теңгеге дейін өсті. Осы жылы субсидиялардың болжамды көлемі бекітілген тариф бойынша шамамен 85,5 миллиард теңге болып, белгілі бір деңгейде "бюджетке ауыртпалық" туғызып отыр.

"Осы жылы тарифтерді есептеу әдістемесі бойынша тарифтің орташа құны 425 теңге болды. Осыған байланысты 2023 жылы тарифтің құнын қайта қарап, қолма-қол ақшасыз төлеу 100 теңге, қолма-қол төлем үшін жол жүру ақысы 200 теңге болып бекітілді", - делінген жазабада.

Еске сала кетейік, Астанада тариф құны 90 теңгеден 180 теңгеге дейін, Шығыс Қазақстан облысында 90 теңгеден 130 теңгеге дейін, Жамбыл облысында 85 теңгеден 130 теңгеге дейін, Қостанай облысында 100 теңгеден 170 теңгеге дейін көтерілген.