© Photo: Pixabay
Умраға апарамын деп 100-ден астам адамды сан соқтырған «Кәусар тревел» компаниясының басшысы ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "КТК"телеарнасына сілтеме жасап.
Медет Мұратбайұлы қасиетті мекенге баруға ниет қылғандардың әрқайсысынан кемі мың доллардан алған.
Алайда қаңтар айында кетуге тиіс азаматтар Мекке мен Мединаны сол күйі көре алмаған. Турфирма Алматыдан жолға шыққан 57 адамды Медина қаласындағы жатақханаға тастап, із суытыпты. Сондықтан қажылар жатын орын мен тамаққа қосымша қаржы шығындап, қайтар жолдың билетін де өз ақшасына сатып алған.
"Қазір «Кәусар тревелден» жолдама алғандар жаппай полицияға арызданып жатыр. Сондықтан жәбірленушілер санын нақты айта алмаймыз" дейді полицейлер.
Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаевқа умраның сертификатын келіншегі тосынсый ретінде туған күніне сыйлаған. Талай жылғы арманы болған киелі сапарға ерлі-зайыптылар 17 қаңтарда аттануы керек еді. Алайда түрлі сылтау айтқан «Кәусар тревел» турфирмасы бас-аяғы 57 адамды үш күн кешіктіріп, Медина қаласына жеткізіпті. Бірақ турфирма өкілдері қонаүйге бара сала, орын дайындаймыз деп, сол күйі ізім-ғайым жоғалған.
"Сол жерде күтіп отырғанда қонақ үйдің егесі шықты да, бұл жерде сіздерге орын брондалмаған, бұл жерде қазір бос орын жоқ деп айтқаннан кейін, қайтадан автобус шақырып, қаланың шет жағындағы жатақханаға апарып жайғастырды. Таңертең жетіде экскурсия болады, дайындалыңыздар деді де, «Кәусар тревел» өкілі кетіп қалды. Содан біз азанда тұрдық. Тұрсақ, «Кәусар тревел» өкілдері де жоқ, автобус та жоқ, тамағы да дайын емес, ақшасы да төленбеген" - дейді Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмырзаев.
Бейтаныс қалада тіл білмейтін 57 адамның жағдайын сол жақта жүрген қазақтар естіп, өзге турфирма өкілдері көмекке келген. Олар Мединадан екі-үш күнге қонақүй жалдап, ары қарай Меккеге сапарын ұйымдастырып берген. Тіпті, қасиетті Қағба маңынан бес күнге жатын орын алып берген. Ал елге оралатын уақыт таяғанда турфирма басшысы Медет Мұратбайұлы қайтар билет дайындап жатырмын деп, тағы да хабар-ошарсыз кеткен.
"Бастан аяқ есептесек, келіншегім екеуімізге миллионнан аса шығын кетті. Ол тіпті демеушілердің ақшасын есептемегенде, өз басымыздан миллионнан аса шығынға кеттік қой. Демеушілердің арқасында көп жеңілдетілді. Қонақ үйлер, тамақ. Демеушілер болмаса, қонақ үйде бір күннің өзі 180 доллар екен" - дейді Жарқын Бекмырзаев.
Кіші қажылығын әупірімдеп жүріп өтеген азамат Меккеде «Кәусар тревел» алдап кетті деген 70 шақты адамды кезіктірдім дейді. Бұл аздай, Алматы мен Шымкенттен қасиетті сапарға аттана алмай отырғандар көп. Олар тіпті полицияға да арыз жазған. Осыдан кейін тәртіп сақшылары «Кәусар тревелдың» басшысына іздеу салып, Медет Мұратбайұлы Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде ұсталды.
"Мекке мен Медина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жәйт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды" - дейді Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев.
Турфирмаға алданғандардың нақты санын полицейлердің өзі айта алмай отыр. Себебі бұған дейін ұша алмағандары бар, мерзімінен қалып ақшасын қайтара алмай жүргендерден өзге, алдағы ақпан айына ақша беріп қойған азаматтар да бар. Сондықтан қасиетті сапарға шығамыз деп сан соққандар саны күн санап өсіп жатыр.
видео: "КТК"телеарнасы