16 нау, 2026 сағат 11:04

Алматыда «Қайрат» – «Ақтөбе» матчы өтеді: полиция департаменті мәлімдеме жасады

Фото: Polisia.kz

Бүгін Алматыда өтетін ФК Қайрат пен ФК Ақтөбе арасындағы футбол матчы кезінде қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Алматы қалалық полиция департаменті мәліметінше, матч өтетін стадион аумағында және оған жақын аймақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция күштері жұмылдырылады.

Департамент басшысы Айдын Кабдулдиновтің айтуынша, спорттық шара барысында қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

«Матч өтетін күні стадион мен оған іргелес аумақта қауіпсіздік шаралары барынша күшейтіледі. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша полиция қызметкерлері тартылады», – деді ол.


Сонымен қатар полиция жанкүйерлерді стадиондағы тәртіп ережелерін сақтауға шақырды. Құқық қорғау органдары агрессия, арандату, балағат сөздер, қорлау, бұзақылық әрекеттер және тыйым салынған заттарды қолдану сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті.

Полиция мәліметінше, құқық бұзушылықтар тіркелген жағдайда жедел шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады.