Алматыда «Таугүл» шағын ауданының тұрғындары жылусыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әуезов ауданына жылу жеткізетін Пятницкий көшесіндегі диаметрі 500 мл магистралды құбыр жарылған. Апаттың кесірінен Науаи, Рысқұлбеков, Жандосов, Береговой көшелеріндегі нысандар жылусыз қалды.
Алматы энергокешені кәсіпорындарының ресми өкілі Ян Гириннің айтуынша, оқиға орнында апатты қалпына келтіру бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Төтенше жағдайдың салдарынан бірнеше мектепте жоғарғы сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Бір балабақшаның балалары үйлеріне қайтарылды.
«Қазір жылу беретін су қайта сорып алынып жатыр. Біраздан соң қай жерден жарылғаны анықталады. Реті келсе осыған ұқсас схема арқылы балама магистральға қосып, жылуды ертерек беруге тырысамыз. Үйлердегі жылу 1,5-2 сағатқа дейін сақталып тұрады. Кешке дейін бұл нысандарға жылу беріледі», - деді Алматы энергокешені кәсіпорындарының ресми өкілі Ян Гирин.
Оның айтуынша, құбыр 40 жыл бұрын орнатылған.
Ауа температурасының күрт төмендеуі себебінен құбыр жарылған.
Айта кету керек, Алматыда құбырлардың 62%-ы тозған. Былтыр 20 млрд теңгеге 32 км құбыр жаңартылған болатын.