Алматыда қаңтар оқиғасынан кейін оқ-дәрілер мен қару-жарақ жасырылған орындар әлі де анықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл жолы қару-жарақ сақталған қойма Медеу ауданындағы саяжай алқабынан табылды. Атап айтқанда, 2 Макаров тапаншасы, тегіс ұңғылы мылтық, 512 дана әртүрлі калибрлі патрон, оның ішінде Калашников автоматына арналған патрондар бар, 22 дана граната және радиостанция анықталды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабымен тергеледі.
Сондай-ақ полиция мәліметінше, қару-жарақ жасырылған орыннан өсімдік тектес және ұнтақ есірткі заттары табылды. Қылмыстық іс аясында сот-баллистикалық және сот-химиялық сараптамалар тағайындалды.