Алматыда қару-жарақ арсеналы сақталған тағы бір орын табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы қаласының криминалдық полиция қызметкерлері ҚР ҰҚК Алматы департаментінің көмегімен Медеу ауданындағы бағбандық серіктестіктердің бірінің аумағынан қару жасырылған орынды тапты.
«Ол жерде қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алмалы ауданындағы қару-жарақ дүкенінен ұрланған Сайга-410К тегіс ұңғылы карабин, ПМ травматикалық тапаншасы, 2 ИЖ тегіс ұңғылы мылтығы, Макаров жүйесі тапаншасының патрондары, 9 мм калибрлі, 12 калибрлі патрондар, сондай-ақ 7,62 калибрлі патрондар жасырылған. Тәркіленген қару сараптамаға жіберілді», - деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінен.
Аталған дерек Медеу аудандық полиция басқармасында ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелді.
«Арсеналдың қайдан шыққаны тергеу амалдары мен жедел іс-шаралар жүргізілгеннен кейін белгілі болады», - деп атап өтті ведомстводан.