28 шіл, 2020 сағат 10:45

Алматыда карантинді бұзған 900 жуық кәсіпкер жазаға тартылды

Алматыда карантин талаптарын сақтамаған 900 жуық бизнес субьектісі әкімшілік жазаға тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

5 шілдеден бастап қалада карантиндік және санитарлық-эпидемиологиялық режимді бұзғандарды анықтайтын 43 мобильді топ құрылған болатын . 

Олардың құрамына әкімдіктердің, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының, жергілікті полицияның өкілдері енген. 

Мобильді топтар Президент пен Алматы қаласы әкімінің тапсырмаларын қала тұрғындарының жалпы қолданыстағы аумақтарда қалай орындап жатқандарына мониторинг жүргізеді.

Қаланың 8 ауданына жүргізілген тексеру нәтижесінде әкімшілік құқықты бұзғандары үшін 897 хаттама толтырылды. Атап айтқанда, кафетерийлер, сұлулық салондары, автожуу нысандары, ТҚС, азық-түлік дүкендері, наубайханалар, көкөніс дүкендері, қоғамдық моншалар, бала бақшалар процедуралық кабинеттер, арнайы ХҚКО және жеке тұлғалар бар. 

Айта кетерлігі, мобильді топтар карантиндік шараларды, әлеуметтік қашықтық пен маскалық режимді, сонымен қатар жұмыс істеуге рұқсат берілген сауда нысандарының жұмыс кестесі туралы халықты күн сайын хабардар етеді.

Бұдан өзге, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті қаланың 8 ауданында «жедел желіні» іске қосты. Осы желі арқылы хабар түскен бойда мобильді топ жедел жетеді және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.