Алматы облысы тауларын мекендейтін қар барысын түсіруге арналған фототұзақты ұрлаған турист камераны қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылы қызық оқиға болды. Біз Snow Leopard Foundation қоры және зоология институтымен бірлесіп Іле Алатау ұлттық паркінде қар барысын түсіретін фототұзақтар орнаттық. Біз екі құрылғыны бір жерге қойдық. Тауға шыққан турист біреуін өзімен алып кетті. Ол екіншісін көрмеген. Сол екінші камера туристі қырынан түсіріп алыпты. Сол сурет арқылы фототұзақты қолды еткен туристі тауып алдық», - дейді Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аға ғылыми қызметкері Салтөре Сапарбаев.
Оның айтуынша, камера 1-2 күн ішінде қайтарылды. Бұл фототұзақта ерекше кадрлар болған.
«Камераға түнгі Алматының көрінісінде қар барысы тауға қарай бет алып бара жатқан суреті түсіп қалған. Бұл енді таңғажайып сурет», - деп қосты ол.
Сондай-ақ, ол осы жылдың көктемінде фототұзақ үш қар барысын жақын қашықтықта түсіріп алғанын айтты.
«Алматы мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан Талғар шатқалында мен екі алаңын қасына ерткен қар барысын көрдім. Басында мен оларды бір шақырым қашықтықта көрдім, кейін оларға білдіртпей жақындап 10 метр қашықтықта бақыладым», - деді Сапарбаев.
Оның айтуынша, қазір сирек кездесетін қар барысы жоғалып кету қаупі төнген жануарлар тізімінен шығарылды. Бүгінде браконьерлерге қарсы бағдарлама мен фототұзақ камераларының арқасында олардың саны арта бастады.