Алматы қаласы прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобы полиция қызметкерлеріне, арнаулы және әскери бөлімшелерге, сондай-ақ әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалған жаппай тәртіпсіздік фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртіпсіздіктерге белсенді қатысқан Алматы қаласының 4 тұрғынын, соның ішінде бір кәмелетке толмаған адамды анықтады.
Бұл адамдар 5 қаңтар күні қалада «Lexus gs300» автокөлігімен жүріп, басқа қылмыскерлермен бірге «Анна» қару-жарақ дүкенін тонаған.
Ұрланған қаруларды сол көлікпен Республика алаңына жеткізіп, тәртіпсіздікке қатысушыларға таратқан (бейнежазба қоса беріледі).
Одан бөлек, Алматы қаласы мен Алматы облысының 5 тұрғыны анықталып, ұсталды. Олар 5 қаңтарда Алматы көшелерінде «Газель» автокөлігімен келе жатып, өтіп бара жатқан тәртіпсіздіктерге қатысушыларға өздері алдын ала дайындаған темір шыбықтарды таратқан (бейнежазба қоса беріледі).
Кейін қылмыстық жауаптылықтан құтылу мақсатында жоғарыда аталған қылмыскерлер кейбір сыртқы бөлшектерін бояу арқылы автокөлікті өзгерту бойынша шаралар қабылдаған.
Сот 8 ұсталғанға қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Кәмелетке толмаған адам ата-анасының жеке кепілгерлігімен босатылды.
Бүгінгі күні тергеу жалғасып жатыр. Олардың жаппай тәртіпсіздіктер кезінде басқа да қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.