20 қар, 2025 сағат 13:30

Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару табылды


Фото: Polisia.kz


Алматыда полицейлер ұрланған қару жасырылған орынды анықтады, - деп хабарлайды Ult.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.


Алматы облысы Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес басқармасы мен жедел тергеу тобы және прокуратураның соталды тергеу басқармасы Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған атыс қаруын тапты.

Алматының Жетісу ауданында Жансүгіров көшесінің бойындағы Үлкен Алматы каналының жанындағы бос ғимараттың ішінде тегіс ұңғылы 12 калибрлі атыс қаруы табылған.


"Табылған атыс қаруын криминалдық және ұрланған қарулар базасынан сериялық нөмірімен тексеру барысында жоғалған қару екені расталды. Бұл қару 2022 жылы қаңтарда Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі "Оружейник" дүкенінен жоғалған", - делінген хабарламада.


Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.