15 там, 2022 сағат 13:33

Алматыда қалалық сот ғимараты қоршауға алынды


Алматыдағы қалалық сот ғимараты қоршауға алынды. Осы жағдайға байланысты сот отырыстары кейінге шегерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Бүгін Алматы қалалық сотының кіріс кеңсесі поштасына түрлі сипаттағы қоқан-лоққы жасалған хабарламалар келіп түсті. Осыған байланысты қазіргі уақытта сот ғимаратында хабарламалар тексеріліп жатыр. Құрметті азаматтар, түсініспеушілік туындамас үшін сот процестерінің кейінге қалдырылғанан хабарлаймыз", - деп мәлімдеді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Абай Жарылқасын.

Қоршауға алынған сот ғимаратынан судьялар мен сот қызметкерлері эвакуацияланған.

Ал Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі сот ғимаратында саперлер жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

"Қалалық сот ғимаратына мина қойылғаны туралы жасырын хабарлама келіп түсті. Аталған мекенжайға қаланың төтенше жағдайлар қызметі тартылды. Олар бірінші кезекте сот қызметкерлерін, сондай-ақ сотқа келген адамдарды эвакуациялады. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері көліктерді қауіпсіз аумаққа шығару жұмыстарын жүргізді. Қазір ғимаратты сапер бөлімшелері тексеріп жатыр. Тексеру нәтижелері туралы кейінірек хабарлаймыз", - деп ақпарат таратты Алматы ПД баспасөз қызметі.