Фото: yandex.ru
Алматыда ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізіледі. Бұл туралы Ерболат Досев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы әкімімен кездесуге келген Бостандық ауданының тұрғыны қаладағы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейту мәселесін көтерді. «Біз қаланың бас жоспарын талқылауында болдық, неге ол жерде ғимараттардың сейсмикалық күшейтуі ескерілмейді? Түркиядағы зілзала оның өте қауіпті екенін көрсетті», - дейді алматылық.
Алматы әкімі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қалада сейсмикалық микроаймақтандырудың жаңа картасы бекітілгенін, ондағы барлық ақаулар ескерлігенін айтты.
«Алматыда ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізілуде, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бүгінде қала ҚазҚСҒЗИ бекіткен талаптарға сай өмір сүруде. 2017-2018 жылдары институтта аудит жүргізілді. Биылғы жылдың екінші жартысында біз қаланың жаңа сейсмикалық аудитін бастаймыз. Жаңа бас жоспарға келетін болсақ, 2020-2021 жылдары Алматыда жаңа тектоникалық ойықтар пайда болғанын білесіздер. Жаңа бас жоспарда барлық қажетті сейсмикалық талаптар, соның ішінде жаңа ойықтар ескерілген: Абай көшесінің жоғары жағы 10 балл, одан төмен 9 балдық аймақта орналасқан», - деді әкім.