Өткен аптада Алматыда - 5, Алматы облысында 2 жарылыс оқиғасы болды. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өткен брифингте ведомство төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біздің бөлімшелер полиция қызметі, жергілікті атқару органдары және еріктілер ұйымдарымен бірігіп, 72 мың тұрғын үйді тексеріп шықты. Нәтижесінде 131 482 адамға қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы түсіндірілді», - деді ол.
Оның айтуынша, қолға алынған жұмыстар жер үйлердегі өрт оқиғаларын алдыңғы аптамен салыстырғанда 35% азайтуға мүмкіндік берген.
«Өткен аптада Алматыда - 5, Алматы облысында 2 жарылыс жағдайы тіркелді. Алматы қаласындағы оқиғалардың төртеуі газ құрылғысын орнату ережелерінің, тағы бірі от жағатын пешті іске қосу талаптарының сақталмауынан болды», - дейді ол.
В.Беккердің мәліметінше, 15 қараша күні Алматы қаласындағы жер үйде газ баллоны жарылып, бір және үш жасар екі бала ауруханаға жеткізілді.
«Балалар бірінші, екінші дәрежелі күйік жарақаттарын алған. Олардың бет-жүзі мен аяқтарының 15-20% күйіп қалған», - деді ТЖК басшысы.