Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, әйгілі Панфилов дивизиясының жауынгері Қайырлы Жонқабаевтың үйінің ауласында салтанатты шеру өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыда Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Қайырлы Жоңқабаевты келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтады. Сонымен бірге ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев майдангерге Алғыс хат табыстап, «ҚР құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Осыдан соң ардагер үйінің ауласында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі соғыс жылдарындағы әскери әндерді орындаса, жас сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті.
«Бүгін біз Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қайырлы Уатайұлын Жеңіс күнінің 77 жылдығымен құттықтап, оның батасын алайық деп келдік. Биыл ардагер 101 жасқа толады. Жалпы, «Оңтүстік« өңірлік қолбасшылығында бүгінде көзі тірі соғыс ардагерлері қалған жоқ. Екі тыл ардагері бар. Оларды да құттықтап, үйлеріне барамыз. Бізден бөлек, қарияларға Ардагерлер кеңесі де өздерінің сый-сияпаттарын көрсетті», - деді Ниязтай Әлкешев.
Өз кезегінде майдангер Қайырлы Жонқабаев сарбаздарға ақ батасын берді.
«Дендерің сау, өмір жастарың ұзақ болсын! Әскери борышты өтеу оңай емес. Дегенмен, командирдің тілін алып, әскери борышты жақсы орындаңдар. Елімізде тыныштық, амандық, береке болсын! Маған келіп, құттықтағандарың үшін көп рахмет!», - деді ақсақал.
Қайырлы Жоңқабаевтың ұлы Еркін Жоңқабаев әкесі Отанды сүю туралы жиі айтатынын жеткізді.
«Әкеміз Панфилов дивизиясының соңғы жауынгері. Біз оны мақтан тұтамыз. Ол бізді әрқашан адал болуға, еңбек сүйгіш, Отан сүйгіш болуға тәрбиеледі. Бүгінде оның бес баласы, он немересі мен он бес шөбересі бар. Ол бізге соғыс оңай болмағанын, екі адамға бір винтовка берілгенін айтатын. Әкеміз оған шыдамай, жолдасымен бірге қолдарына пулемет алып, майданның алғы шебінде жаумен шайқасқан. Сондай-ақ әкеміз қан майданда жолдастарыңнан айырылған өте ауыр болатынын айтты», - деді Еркін Жоңқабаев.
Майдангердің немересі Нұрлан Хасенбаевтің сөзінше, атасы соғыс туралы көп әңгімелеуді ұнатпайды.
«Жалпы ол кезде қиын болды ғой. Атамызға да оңай болмағаны анық. Сол себепті де ол немерелеріне сол бір жылдар туралы айтқысы келмейтін шығар. Біз оның сол уақытта өз Отанын, отбасын қорғап, Отан алдындағы борышын адал орындағанын жақсы түсінеміз», - деді Нұрлан Хасенбаев.
Айта кетейік, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Жоңқабаев Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл әскер жауынгері қатарына алынды.
Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болған, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір ротада шайқасқан. Беларусь, Польша және Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, жеңісті Дрезденде қарсы алды.
Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарда болған. 1970 – 1983 жылдары Алматыдағы «общепит» жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысына шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.
Ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Еске сала кетейік, 2020 жылы Қайырлы Жоңқабаев ҚР Ұлттық ұланы ұйымдастырған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты тағзым эстафетасы үшін алғыс айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған болатын. Өз кезегінде Мемлекет басшысы майдангерге жылы лебізі үшін алғыс білдіріп, ұзақ ғұмыр тіледі.