11 қаз, 2024 сағат 10:40

Алматыда фельдшер жедел жәрдем көлігінде науқасты тонаған


Алматыда фельдшер жәбірленуші ес-түссіз жатқан сәтте тонауды ұйғарған. Бұл туралы Almaty.tv телеарнасы хабарлады.

Науқасты шұғыл түрде ауруханаға апарған кезде, оның ұлы 1,5 миллион теңге тұратын алтыны жоқ екенін аңғарған. Сол кезде ол арыз жазып, тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігіндегі камераларды тексерген.

Бейнежазбадан фельдшердің ешкім бақыламайтынына көз жеткізген соң алтын әшекейін шешуге тырысқаны көрінеді. Кейін ол әшекейді ломбардқа өткізген.

Мәліметтерге сәйкес, әйелдің жағдайы жақсы, тізбек иесіне қайтарылған. Ал фельдшер дереу жұмыстан шығарылған.

"Бұл оқиға бойынша Түрксіб ауданы полиция басқармасы ҚК 188-бабы 1-бөлігіне сәйкес ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Сол күні фельдшер ұсталып, бейнежазба тәркіленді, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеуге қатысты басқа ақпарат жариялауға жатпайды", - деді Түрксіб ауданы прокуратура бөлімінің бастығы Әділет Қуандықов.