Алматыда түрмеге есірткінің палаудың ішіне салып өткізбек болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматы қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 жастағы ер адам есірткіні палаудың ішіне жасырып, түрмеге кіргізбек болған. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттың жалпы салмағы 67 грамм болатын «гашиш» есірткісі екені анықталды.
«Күдікті СИ-18 ғимаратына сәлемдеме жіберген кезде ұсталды. Осылайша, ұсталған адамдарға есірткі тапсыру әрекеті тоқтатылды. Жеткізуші Алматы қаласында тұратын Н.есімді ер адам. Оған қатысты ҚР ӘҚбК-нің 296-бабы 2 бөлімі (есірткі, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, прекурсорларын сату мақсатынсыз заңсыз дайындау, өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Н. уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Алматы қалалық ПД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының басшысы Ерлан Әлмағамбетов.