Фото: Владимир Северныйдың Facebook желісіндегі парақшасынан
Алматыда журналистер Владимир мен Наргиз Северный ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"ЖШС басшысының арызы бойынша, жағымсыз ақпараттардың жарияланбауы үшін ақша бопсалаған С. тегіндегі ерлі-зайыпты журналистер қаражаттың бір бөлігін алу кезінде ұсталды.
Қазіргі таңда аталған деректің толық мән-жайын анықтау үшін жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде заңды процессуалдық шешім қабылданады", - делінген Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде журналистердің балаларының видеоүндеуі тараған еді. Олар Владимир мен Наргиз Северныйдың қаладағы сауда үйлерінің бірінде ұсталғанын мәлімдеді.
"Оларды формадағы бірнеше адам ұстады және тергеушілер жеке заттарын тінтіп, видеоға түсіріп тұрды. Анамды бізбен сөйлестірместен бірден бөлімшеге алып кетті, әкемді бізбен бірге үйге жеткеннен кейін алып кетті. Менің отбасымның ешқайсысы олармен байланысып, телефон соғып, не болып жатқанын біле алмайды, өйткені телефондары тәркіленді", – деді журналистердің ұлы.