Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев оңтүстік астанада жеңілрельсті көлік жүргізу жобасына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрылысты бастамас бұрын бәрін есептеу керек. Жобаның құны қанша болады? Кім ақша береді? Құрылған жоба бар. Құрылыс-монтаждау жұмысының жобасына сәйкес, бұл мақсатта 123 млрд теңге керек. Ал ол қаражатты қайдан табамыз? Бұл жұмыс мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында болып, қаражатты бір жерден тартып, кейін қайтару керек болады», - деді Бақытжан Сағынтаев ОКҚ-да тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Әкімнің айтуынша, жеңілрельсті көліктің билеттері басқа көліктерге қарағанда қымбатырақ.
«Жол ақысы қанша болады? Бүгінгі таңда троллейбустар, автобустар мен метро субсидияланады. Субсидия үшін ғана жыл сайын 30 млрд теңге жұмсалады. Қаншама қаражат екенін есептей беріңіз. Сол себепті, LRT салына қалса, сөзсіз, билет те қымбаттап кетері анық. Тағы субсидиялауға тура келеді. Осылайша, баға бірнеше есе өседі. Сол үшін бәрін есептеп алу керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысы LRT-нің қазіргі жобасы Ұлттық экономика министрлігінің МЖӘ орталығында қаралып жатқанын жеткізді.
«Егер біз ұсынған қаржылық модельді қолдаса, істі бастамай тұрып, қаражаттың қайдан алынатынын, қалай қайтарылатынын бірден шешіп алған абзал. Барлық сатыдан өтсек, мәселенің мәнісін нақты ұғынарымыз анық. Неліктен МЖӘ орталығы арқылы жобаны тексеріп алып отырмыз? Себебі, ол мақсатта алған қаражатты қала бюджетінің есебінен қайтару мүмкін емес», - деді ол.