Алматының тау бөктерінде салынып жатқан элиталы тұрғын үй кешенінің бір қабаты бұзылады. Бұл туралы қала әкімдігі мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Салынып жатқан Pinе Hill тұрғын үй кешенінің үшінші қабаты сот шешімімен бұзылады. Ерменсай шағынауданында 7-інші тұйық көше, 8/1 учаскесінде салынып жатқан нысанды тексеру кезінде құрылыс салушы тұрғын үйдің үшінші қабатын заңсыз салып жатқаны анықталды. Рұқсат құжаты тек 2 қабатқа берілген», - делінген ұсынылған хабарламада.
Мәлім етілгендей, өткен жылдың қараша айында Алматы әкімдігінің басқармасы үшінші қабатты бұзу туралы сотқа арыз түсірген. Алайда, сот арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Басқарма апелляциялық шағым берген.
«Апелляциялық шағым қанағаттандырылды. Үшінші қабатты бұзу туралы сот шешімі заңды күшіне енді және Әділет департаментінің орындауына берілді», - делінген әкімдік мәліметінде.