Алматыда электрлі самокаттармен жаяу жүргіншілер жолағында, саябақтарда және бұқаралық іс-шаралар өтетін қоғамдық орындарда жүруге тыйым салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Алматы қаласының әкімдігі мен электрлі самокаттарды жалға беретін операторлар арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, қала аумағында электрлі самокаттардың жылдамдығы – 25 км/сағ болып бекітілді. Сондай-ақ, электрлі самокаттарды тек 16 жасқа толған тұлғалар ғана жалға ала алады.
Операторлар метро мен қоғамдық орындардың кіреберісінде, көгалда, көлік және жаяу жүргіншілер жолағында қалдырылған электрлі самокаттардың бірден арнайы орындарға жеткізілуін қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін қалада электрлі самокаттарға арналған тұрақ аумақтары ұйымдастырылады. Келесі жылдың соңына дейін электрлі самокаттарға арналған 3 000 тұрақ орнын ұйымдастыру жоспарда.
Сондай-ақ тараптар сервис жұмысын қыс мезгілінде ауа райына байланысты жүргізудің нақты шарттарын белгіледі. Мысалы 15 желтоқсаннан 20 ақпанға дейін орташа ауа температурасы 2 градустан төмендеген жағдайда жалға беру аумағы қысқарады әрі электрлі самокаттардың 10%-ы ғана жалға беріледі.
Аталған меморандум шарттарында көрсетілген барлық пунктерді жүзеге асыру нәтижесінде электрлі самокаттардың қолданысын реттеу, қауіпсіздік деңгейін арттыру, тиісті инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету жоспарланған.
Жалпы, микромобильді көліктің, оның ішінде электрлі самокаттардың дамуы қоршаған ортаны ластау деңгейі мен жеке көлікпен жүру жиілігін төмендетуге әсер ететіндігі, бұл өз кезегінде, қала көшелерінің жүктемесін төмендетуге де ықпал ететіндігі аталып өтті. Күн сайын қалада электрлі самокаттармен 100 мыңға жуық қозғалыс қамтамасыз етіледі.
Айта кетейік, бүгінде Алматыда 4 компания (Ozim, Jet, Eleven, Whoosh) 15 мың самокатты жалға беру қызметін ұсынады.