Алматы қаласында дәрілік заттарды көтеріңкі бағамен сатқан дәріхана мен фармацевтикалық компания қызметкерлері ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі комитетінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті дәрілік заттардың жетіспеушілігін қолдан жасаған тұлғаларды анықтауға қатысты іс-шара жүргізіліп жатыр.
9 шілдеде көлеңкелі нарықта дәрілік заттарды көтеріңкі бағада сатумен айналысқан дәріхана мен фармацевтика компаниясының жұмысшылары ұсталды.
«Әлеуметтік қауіп-қатер дәрілік заттардың нақты жетіспеушілігі туындағанға дейін қоймаларда сақталуына байланысты болып отыр. Нарық жағдайға сәйкес тапшылық туындағанда бағалар өседі. Фармацевттер өз кезегінде керекті дәрі-дәрмек көлемін дәріхана желілеріне жеткізбей, оларды көлеңкелі нарықта 30-50 пайызға қымбаттатып сатады.
Іс-шара барысында жалпы сомасы 4,7 млн теңгені құраған 500 бума «Ингавирин», «Азитромицин», «Зомакс» дәрі-дәрмектері табылды», делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 214-бабы 1-бөлімі (заңсыз кәсіпкерлік) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.