20 там, 2019 сағат 18:47

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныстарды қабылдау басталды

Алматыда «Бюджетке қатысу» пилоттық жобасы бойынша жобалық ұсыныстарды қабылдау басталды, жеңімпаздарды тұрғындар дауыс беру арқылы өздері анықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тұрғындар ұсынған жобаларды қабылдау 2019 жылдың 19 тамызынан 1 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін сараптау комиссиясы оларды іріктейді және 20-29 қыркүйек аралығында тұрғындар дауыс береді. Сөйтіп, жеңімпаз жобалар анықталады.

«Алматыдағы бюджетке қатысудың мақсаты - қала тұрғындарының ұсыныстары мен бастамалары негізінде мегаполис аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру. Жоба ұсынысының авторы Қазақстан Республикасының азаматы, оралман, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдік және азаматтығы жоқ адам бола алады», - дейді Алматы қалалық стратегия және бюджет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жанар Жазылтаева.

Жобалық ұсыныстар budget.open-almaty.kz порталы арқылы беріледі. Ол үшін өтінімді толтыру қажет (жобалық ұсыныстың атауын, оның сипаттамасын, объектінің мекенжайын көрсету), жобалық ұсыныстың эскизі мен сметасын міндетті түрде қоса тіркеу қажет.

Бір жобаның ең жоғарғы құны 100 млн теңгеден аспауы тиіс. Іске асыру үшін жоба Алматы тұрғындарының 10-нан астам дауысын жинауы тиіс. Қаланың бір тұрғыны жеке ЭЦҚ пайдалана отырып, үш жобалық ұсынысқа дауыс беруге құқылы.

Бұғанға дейін, Бақытжан Сағынтаев алматылықтарды «Бюджетке қатысу» жобасына белсенді атсалысуға шақырған болатын.