Қала басшысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алматының 31 тұрғынына мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Олардың қатарында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан, қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысқан, қаңтардағы оқиғалар кезінде азаматтарды құтқару және қорғау барысында батылдық танытқан азаматтар бар.
«Парасат» орденімен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманалиев, «Қазақстан Республикасының Қызыл Жарты Ай қоғамы» ҚБ президенті Еркебек Арғымбаев, «Құрмет» орденімен Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек, «Шапағат» медалімен «Лидер.kz» Еріктілер қозғалысы» ҚБ басшысы Дильмира Блац, тұрғын үйдегі өртті сөндіруші, аула қызметкері Арлан Мутишев және тағы басқалары марапатталды.
Өзінің сөзінде қала әкімі Ерболат Досаев Мемлекет басшысының шешімі бойынша мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі алғаш рет көктемгі жаңару күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті.
«Дәл осы Наурыз мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы саяси жаңару мен жаңғыртудың стратегиялық пайымын баяндайтын Жолдауын жария етті. Мемлекет басшысы елдің тұрақты ілгерілеуі мен ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгерістер саяси жаңғырусыз мүмкін емес екенін атап өтті», – деді Алматы әкімі.
Кездесу соңында қала басшысы салтанатты рәсімге қатысушыларды лайықты мемлекеттік наградалармен құттықтап, жұмыста табыс және жаңа биіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.