Алматыда жедел басқару орталығындағы бейнекамералардың арқасында 1,5 мың қылмыс ашылып, 800 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полиция департаментінің бастығы жаңа технологияларды қолдану - қылмысты азайтуда жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын айтты.
«Жедел басқару орталығына қосылған 12 мың камераның көмегімен өткен жылы 1,5 мың қылмыс ашылды, 800 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қала әкімінің қолдауымен биыл тағы 3 мың бейнебақылау камерасы орнатылады. Олардың көпшілігі аулаларды, саябақтарды, алаңдарды және басқа да адамдар жаппай шоғырланатын орындарды қамтиды», – деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, бейнебақылау жүйелерімен жұмыс істеудің оң әсері - ұрлық, оның ішінде қалта ұрлығы азайған.
«Былтыр біз муниципалды автопарктермен жұмыс істедік. Кездесулер ұйымдастырылып, соның арқасында қоғамдық көліктердің барлығына дерлік бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл қалта ұрлығының тіркелуін 70-ке дейін қысқартуға, олардың ашылуын 25%-ға арттыруға мүмкіндік берді. Алайда, қалаға Алматы облысынан келетін көліктер бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілмей қалды. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз», – деді ол.