Алматы полициясы ер адамды күшпен көлікке мінгізіп әкетпекші болғандар туралы видеоға түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде тараған видео авторының сөзінше, оқиға Гагарин – Сәтбаев көшелерінің қиылысында болды. Онда белгісіз біреулер елдің көзінше ер адамды көлікке күштеп мінгізуге тырысып жатқанын көруге болады.
«Видео бойынша тексеріс жүргізілді. Анықталғандай, Алматы қаласының тұрғыны – К. есімді 51 жастағы азамат өзін алдап, ақшасын иемденіп кеткен ер адамды ұстауға тырысқан. Ол бұл жөнінде полицияға биылғы 10 маусымда арыз жазған болатын.
Белгілі болғандай, кеше кешке К. есімді азамат күдіктіні кездестіріп қалып, оны ұстауға тырысқан. Алайда, ол қашып кеткен.
Басқа жағдайлар анықталып жатыр», - деп хабарлады полициядан.