Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығайдың құрметіне мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, зиялы қауым өкілдері мен жазушының туған-туыстары қатысты.
«Бұл - тарихи маңызды шешім. Бүгін аса көрнекті театр ұйымдастырушысына және сыншысына, қазақ өнерінің шынайы жанкүйеріне ескерткіш тақта орнатылды. Әшірбек ағаның шығармашылық өмірі біздің сүйікті қаламызбен тығыз байланысты. Оның есімі, мұрасы халқымыздың жадында, шәкірттерінің есінде мәңгі қалады», – деп атап өтті Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Мемориалдық тақта белгілі театр сыншысы 1980-1999 жылдар аралығында 20 жылға жуық тұрған Жібек жолы көшесі, 12А (С. Мәуленов көшесінің қиылысы) мекенжайындағы үйдің қабырғасына орнатылды.
Әшірбек Сығай - Қазақстанның сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосты, қазақ театртану ғылымының негізін салушылардың бірі.
«Іңкәр шақ» (1978), «Сыр сандық», «Сахнаға сапар», «Жарнама алдындағы ой», «Сахна саңлақтары» (1998), «Театр тағылымы» (2003), «Ән - тағдыр», «Таңғажайып театр» және басқа шығармалардың авторы.
Оның еңбектері өнер және театр теориясы саласындағы оқулыққа айналды.