Алматыда бүгінен бастап Солтүстік айналма жол маңындағы бірқатар базар мен «Нұрлы тау» бизнес орталығындағы көлік тұрағы үшін төлем алынбайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы қаласының учаскелік үлгідегі ақылы автотұрақтарды пайдалану құқығымен жер учаскелерін абаттандыруға және оған қатысты шарттың бұзылуына байланысты «АланПаркинг» ЖШС келесі базарларда орналасқан ақылы автотұрақтарды басқаруды тоқтатады. Олар «Барыс», «Олжа», «Адем», «Арлан», «Қазына», «Ялян», «Алатау-1», «Алатау- 2», «Болашақ», «Ақ-Бұлақ», сонымен қатар « Нұрлы Тау» бизнес орталығының маңы, - деп нақтылады «АланПаркинг» компаниясынан.
2022 жылдың 7 мамырынан бастап аталған автотұрақтарда тұрақ ақысы алынбайды.
Бұған дейін Алматыдағы ақылы автотұрақтар қаланың меншігіне қайтарылғаны туралы хабарлаған едік.
Айта кетейік, 14 сәуір күні «Alan Parking» ЖШС директоры Мұхтар Базарбаев екі айға қамауға алынған болатын. Сонымен қатар «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Принбеков та қамауда отыр.
Қазіргі уақытта компания басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды және бюджет қаражатын ұрлаумен байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
Алматыда ақылы автотұрақ жүйесі алғаш рет 2016 жылы енгізілді. Жоғарыда аталған компаниялардың ақпараты бойынша, ақылы тұрақтардан қаржы айналымы жылына орта есеппен 1,4 млрд теңге болды.