Алматыдағы №96 бөбекжай-балабақшасында тағы да шу шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік желіде, төсекте жатқан баланы тәрбиеші ұрып жатқан видео пайда болды. Хабарламаның авторы сонымен бірге баланың суретін жариялап, үйге жиі көгеріп келетінін айтқан.
«Мен күтушілер мен тәрбиешілерден жәбір көрген балалардың видеосын тек уатсаптан көретінмін. Яғни біреулердің жібергенін. Бірақ бұл бізде болды. Менің туған жиенімді (2 жаста) ұрып-соғып, жалаңаш күйінде төсекке жатқызған. Сосын олар бұл фактіні жасырды. Олар бізге бала құлап қалды деп айтты. Үйге келгенде кішкентайдан сұрадық саған не болды деп, ол «Апай ұрды» деді. Алайда баланың сөзіне үлкендер сенбейді. Олар ойлайды баланың бақшаға барғысы келмейді»,- деп жазды kathrinkaztay қолданушысы Instagram -да
Алматы қалалық білім басқармасы бұл фактіні растады.
«2019 жылдың 27 қыркүйек күні екі жастағы баланың анасы Алина Галиева №96 бөбекжай-балабақшасының басшысына келді. Ол «Курносики» кіші тобына баратын ұлы Ролан Галиевті ұрғаны туралы айтып бейнежазбаны көрсетуін сұрады. Жазбада түскі сағат 13:57-де тәрбиешінің көмекшісі И.Шадских балаға екі рет жақындап, көрпемен жауып, аяқтарын жұлқылап, мұрнынан ұрып жібергені анық көрініп тұр. Тәрбиешінің көмекшісі баланы шынымен де ұрған»,- деп хабарлады білім басқармасы.
Осы факті бойынша тәрбиеші К. Нұрымбетоваға қатаң сөгіс жарияланды, оның көмекшісі И. Шадских Еңбек кодексінің 52 бабы 14 тармағы бойынша жұмыстан шығарылды.
Ұжымда 30 қыркүйекте Алина Галиеваның қатысуымен кәсіподақ жиналысы өтті. Сонымен қатар 1 қазанда балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау туралы брифинг ұйымдастырылды.
№96 бөбекжай-балабақшасының басшысы Н.В Карасеваға Алматы қалалық білім басқармасы тәртіптік жаза тағайындады.
Аталмыш мектепке дейінгі мекемеде бүгінгі күні 12 топ бар. Онда 13 тәрбиеші және 4 тәрбиешінің көмекшісі жұмыс істейді. И. Шадских осы жылдың сәуір айында жұмысқа қабылданыпты.
Еске салсақ, осы жылдың 16 шілдесінде дәл осы балабақшадан басына үлкен шляпа, көзіне қара көзілдірік таққан әйел бес жасар баланы ұрламақ болған.
Араға тоғыз күн салып, 25 шілде күні полиция күдікті әйелді ұстады. Ол сол балабақшаның тәрбиешісі болып шықты. Күдіктінің айтуынша, мұндай әркетке ақша талап ету үшін барған.
Кейін тәрбиешінің әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат шықты.