15 жел, 2020 сағат 10:08

Алматыда аймақтық халықаралық валюта қорының орталығы пайда болады

Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева мен Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев онлайн рәсім барысында аймақтық орталықты Алматыда ашу туралы келісім хатқа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық банктің келтірген мәліметінше, қазір әлемде осындай аймақтық 16 орталық жұмыс істейді, соңғысы Қытайда 2018 жылы ашылған. Қазақстандағы аймақтық орталық өңірде бірінші және халықаралық валюта қорының адам әлеуетін дамыту бойынша 17-ші орталық болмақ.

«Орталықты құрудағы мақсат – аймақта әлеуетті дамыту жөніндегі қызметті үйлестіру және іске асыру. Сондай-ақ 9 елмен (Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Грузия, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) және түрлі қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасау. Аймақтық орталық  техникалық көмек көрсету және воркшоптар мен семинарлар өткізу жолымен макроэкономикалық және қаржылық, ақша-кредит саясаты, қаржы секторындағы реттеу мен қадағалау, статистика, құрылымдық реформаларды әзірлеу мәселелерінде өңірдің әлеуетін дамытуға шоғырланады», – деп хабарлады банктен. 

Аталған орталықты құру – аймақтың кәсіби дамуы мен жалпы ынтымақтастыққа негіз болатын сапалы адам капиталына салынған инвестиция. Орталықтың жұмысы кәсіби тәжірибе алмасуды тереңдетуге және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.

Халықаралық валюта қорын Қазақстанда аймақтық орталықты орналастыру туралы шешім Қазақстан, Өзбекстан мен Грузияның өтінімдерін қарастырғаннан кейін 2019 жылы қазан айында қабылдаған.