Фото: ©️ Tengrinews.kz
Алматыда әйелдің басын кесіп, базарға тастап кеткен ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Алматы қаласында әйелдің басын кесіп алған И.-ға қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.
Тергеу органы оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-тармағының 5-бөлігі, яғни асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша айып тақты. Істі қарауға алқабилер қатысты" - делінген қалалық сот хабарламасында.
Сотталушы И. отбасылық және өмірлік қиын жағдайда бола отырып, өзімен одан әрі қарым-қатынасты жалғастырғысы келмейтін азаматтық жұбайына материалдық тәуелді бола тұра, қоғамда үрейлі, криминогендік жағдайды қалыптастыру мақсатында кісі өлтіруге бел байлаған.
Ол наурыз айында қасақана кісі өлтіруді алдын ала жоспарлап, жәбірленуші А.-ны іс жүзінде жоқ наубайханаға жұмысқа орналастырамын деген желеумен қала саябақтарының біріне кездесуге шақырған. Сосын И. асқан қатыгездікпен жәбірленушінің басын кесіп алған.
Бұдан кейін қоғамда резонанс тудыру мақсатында жәбірленуші А.-ның басын шұжық-ірімшік сататын дүкендердің бірінде қалдыру туралы шешім қабылдаған.
"Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп тануды және 20 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеуін сұрады.⠀
Ал сотталушы кінәсін толық мойындады және жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдірді.
Қылмыстық кодекске сәйкес, асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, мүлікті тәркілеу немесе тәркілемеу жазасы қарастырылған.
Алқабилер мен сот үкіміне сәйкес, И. асқан қатыгездікпен қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылды және оған қауіпсіздігі орташа ҚАЖ мекемесінде жазасын өтей отырып, 20 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды" - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.