25 сәу, 2023 сағат 17:42

Алматыда автобустағы қалта ұрлығы видеоға түсіп қалды

Фото: Polisia.kz

Алматыда қоғамдық көлікте ұрлық жасаған 29 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

"Қалалық криминалдық полицияның арнайы тобы мен Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Әуезов ауданының тұрғыны, бұрын сотталған 29 жастағы Ф. есімді азаматты ұстады. 

Ер адам 104-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысынан IPhone маркалы телефонын ұрлады деген күдікке ілінді.

Күдікті қамауға алынып, мобильді құрылғы тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері азаматтың қала аумағында басқа да ықтимал қылмыстарды жасауға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. 

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесін көздейтін өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады.