Фото: Pexels.com
Алматыда 12 жастағы аутист ұлын күйеуінің зорлығынан қорғаған әйелге 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Orda.kz.
Оқиға болған күні ішімдікке мас күйеуі алдымен әйелді ұрып, кейін ұлына қол көтерген. Адвокат Айгерім Тохмулдинованың сөзінше, әйел қорғану мақсатында пышақ алып, күйеуін қорқытуға тырысқан. Алайда күйеуі оған орындықпен ұмтылғанда, ол еріксіз өзіне шабуыл жасаушыны итеріп жіберген. Нәтижесінде, күтпеген соққы күйеуінің өліміне әкелген.
Марқұм ер адам бұған дейін де отбасындағы зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қорғау нұсқамасын алған, бірақ бұйрықты бұзған. Іс материалдарына сәйкес, әйел мен оның баласында зорлық-зомбылықтың физикалық іздері анықталған.
Соған қарамастан, Жетісу аудандық соты әйелді 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесіп отыр. Айыпталушының екі баласы бар, ал марқұм күйеуі олардың өгей әкесі болған. Қазіргі таңда балалардың қамқоршысы ретінде әжелері тағайындалған. Адвокаттың айтуынша, аутист ұлы анасымен ерекше эмоционалды байланыста, оның қажеттіліктерін тек анасы түсінеді.
Қорғаныс тарапының апелляциялық шағым түсіруге 15 күн уақыты бар.