23 жел, 2019 сағат 13:18

Алматыда алимент төлемеген 16 адамның автокөлігі тартып алынды

Алматыда «Алимент төле» және «Борышкер» акциялары өтіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.

Жетісу ауданының прокуратурасы жол полициясы қызметкерлерімен және Алматы қаласының жеке сот орындаушыларымен бірлесіп «Алимент төле» және «Борышкер» акцияларын өткізуде.

«Акция борышкерлердің автокөлігін анықтау арқылы алимент берешегін азайтуға бағытталған. Тәжірибе көрсеткендей, автокөлікт алғаннан кейін борышкерлер барлық қарызын бірден төлейді» делінген прокуратура хабарламасында.

Шара барысында борышкерлердің 16 автокөлігі ұсталып, 2 млн теңгеден астам қарыз төленді, оның ішінде осы жылдың 14 қарашасында рейд жүргізу барысында алимент төлеушілер 1 млн теңгеге жуық ақша төлеген.

Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарған бір азамат жауапкершілікке тартылды.

«Осы жылдың қараша айында алимент төлемегені үшін сот үкімімен азамат Б. ҚР ҚК 139-бабы бойынша бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды»,-деп хабарлайды Алматы қалалық прокуратурасы.