23 ақп, 2022 сағат 13:09

Алматыда алдағы мерекелерге орай қандай қаржылай көмек беріледі?


Алматылықтарға қандай мерекеде қаржылай көмек берілетіні белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Арна мәліметінше, қаланың кей тұрғынына Жеңіс күні мен Тәуелсіздік күнінде қаржылай көмек беріледі. Соның ішінде 9 мамыр - Жеңіс күніне орай көмек көрсетілетін тұрғындар:

  • Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне (олардың мәртебесі "Ардагерлер туралы" заңда белгіленеді) - 500 мың теңге;
  • ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, сондай-ақ, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге - 100 мың теңге;
  • Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің жесірлеріне беріледі. Бұл жағдайда қайтадан отбасы құрмаған әйелдер жесір деп саналады. Оларға 100 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді;
  • Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде соғысқа қатысқан әскери қызметшілердің ата-аналары мен жесірлеріне 100 мың теңге.

16 желтоқсан - Тәуелсіздік күніне орай Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғаcына қатысып, кейін ақталғандарға төлем жасалады. Оларға 150 мың теңге көлемінде көмек беріледі.

Сондай-ақ, мынадай мерекелер қарсаңында 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек қарастырылған:

  • Жаңа жыл - 1-2 қаңтар;
  • 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
  • Наурыз мейрамы - 21-23 наурыз;
  • 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
  • Астана күні - 6 шілде;
  • Конституция күні - 30 тамыз;
  • Қазақстанның Тұңғыш президенті күні - 1 желтоқсан.

Бұл көмек тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы отбасыларға ғана көрсетілетіні айтылды. Бөлінетін сома тұрғын үй сатып алуға арналған. Сондықтан "Отбасы банкінің" шотына аударады.