Алматыда алаяқтық жолмен Instagram желісінде жақсы қаралымға ие парақшаларды сатқан студент ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полицияның мәліметінше, 2001 жылы туған А. есімді азаматтың іс жүзінде өз парақшасы болмаған. Ол Instagram желісінде жақсы қаралымға ие парақшаларды сататыны туралы хабарландыруды, танымал интернет-ресурстарға орналастырған. Қаладағы ЖОО-ның бірінде оқитын бірінші курс студенті бұрын осыған ұқсас құқық бұзушылықтар үшін жауапқа тартылғаны анықталды.
«Күдікті өзінің хабарламасында көптеген жазылушылары бар инстаграм парақшаларын ұсынған. Сәйкесінше, оның жәбірленушілері өзі сияқты студенттер мен жеке кәсіпкерлер болған. Олар сол парақша арқылы өздерінің тауарларын өткізбекші еді. Келісу кезінде күдікті параққа алдын ала төлем жасауды талап еткен. Ол өзінің банк картасына 10 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін салдырған. Содан кейін барып логин мен парольді беремін деп уәде еткен. Бірақ сөзінде тұрмаған, ақшаны алғаннан кейін ол өзінің «клиентін» бұғаттап, жоқ аккаунтарды «саудалауды» жалғастырды. Кейбір адамдар оның түрін көру үшін видеоқоңырау шалған. Ол қоңырауларға батыл жауап беріп, сөзіне сендірген», - дейді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Әлішер Тұрсынбетов.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ҚР ҚК «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция күдіктінің әрекеттерінен зардап шеккендерден хабарласуын сұрайды: 8-707-515-47-35; 8-701-852-60-94.