22 жел, 2023 сағат 23:58

Алматыда адамдарды қағып кеткен автобус жүргізушісі туралы не белгілі?

Фото: Tengrinews.kz

Бүгін Алматыда №47 бағыттағы автобус бір топ адамды қағып кетті. Салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза болып, зардап шеккен тағы бірнеше адам ауруханаға жатқызылды. Полиция мәліметінше, автобус жолаушысы жүргізушіні ұрған, ал жүргізуші есінен танып қалған.

Massaget.kz порталының хабарлауынша, Ермек Шүкібаева 10 жылдан бері жүргізуші болып қызмет етеді. Ол - жалғызбасты ана, 2 баласы бар.

Қазір әйел ауруханада.

"Жолаушы ұрып талдырған ғой. Сол кезде басқа жолаушы барып итерген. Ұрған адам есінен танып, өз бетімен кете берген. Қызым 10 жылдан бері жүргізуші болып істейді, троллейбус айдады, кейін автобусқа көшті. 2 баласы бар, жалғызбасты ана. Қызым қазір ауруханада, кіргізбейді. Камерадан нақты ұрғанын көрдім", - дейді жүргізушінің әкесі.

видео: Massaget.kz

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы автобус апатынан 3 адам мерт болғаны хабарланған еді. 

Алматы полиция департаменті мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47 бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы көлікті басқарған әйелді ұрған, жанжал салдарынан жүргізуші есінен танып қалған. Кейін автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан. 

Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды.