Алматыда адам өлтірмек болғандар ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға өткен жазда Алматыда болған. Атышулы іс бойынша Жетісу көлік прокуратурасының жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмыс істеді.
"Көлік полицейлерімен бірлесе жүргізілген іс-шара нәтижесінде А. есімді ер адамның қылмысы әшкереленіп, ұсталды. Тергеу барысында қылмыскердің жәбірленушіге төрт рет оқ атқаны, оның үшеуі нысанаға тигені белгілі болды. Қылмыс дұшпандықтан туындаған", - деді қадағалау органы.
Биыл болған сот үкімімен азамат А. 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мылтықты жасыруға көмектескен азамат К. шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
"Мемлекеттік айыптаушы аса ауыр қылмыстың ізін жасыруға көмектескен адамға жеңіл жаза берілгеніне келіспей, үкімді қайта қарау туралы өтініш берді. Апелляциялық сот прокурордың ұстанымын қолдап, азамат К.-ны нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесті", - деп толықтырды прокуратура.