Алматыда Әбіш Кекілбаевтің құрметіне көше атауы берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Алматыдағы Каблукова көшесі енді Әбіш Кекілбаев деп аталатын болды.
Көшенің ашылу рәсіміне Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.
«Бүгінгі шараның Алматы қаласында өтуінің маңызы зор. Ұлы жазушы бозбала шағында осында келіп, өмірінің ең бақытты да мағыналы шақтарын Алматы қаласында өткізді. Жазушылық өнердің, суреткерлік шеберліктің шыңына шықты. Мемлекеттік қызмет пен саясат сахнасында жасындай жарқылдап, сөз бастар шешенге, ой тастар көсемге айналды. «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» дейтін Әбіш Кекілбайевтің сөзінде де, шығармашылығында да жасандылық болған жоқ. Әбіштің шығармаларын оқи отырып, қазақ деген халықтың ұлттық мінезін, мәдениетінің сан қырлы қатпарын жазбай тануға болады. Ол туындылар ұлт тарихының жылнамасындай, өзіміз өмір сүріп жатқан қоғам мен заманның тынысындай болды», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай, Н.Назарбаев даңғылы, 118-де ескерткіш тақта ашылады. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында мерекелік кеш өтеді.
Бұл шараларға жазушының жақын туыстары, достары, замандастары, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет қайраткерлері қатысады деп күтілуде