Алматыда Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы аталып өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына туған күн иесінің жақындары мен туыстары, сондай-ақ мемлекет қайраткерлері мен жазушылар жиналды.
Салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев құттықтау сөз сөйледі. Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.
«Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, құрметті қаламгерлерден туған қайраткер ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлес қостыңыз. Қалың жұртышылық жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқырманың бірнеше буынының шынайы құрметіне бөлендіңіз. Халқыңыздың сан-салалы тыныс тіршілігін эпопеялық ауқыммен шебер суреттеп, қазақтың өмірде қайталана бермес бірегей бейнесін сомдаған көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтуымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған жеделхатта.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғаны жайында айтылады. Жазушының жалпыадамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды бүкіл дүниежүзі танығанына да тоқталған.
Салтанатты кеште Әбдіжәміл Нұрпейісовке ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов, сондай-ақ белгілі жазушылар мен журналистер жылы лебіз білдірді.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева құттықтау хат жолдады.
Шығармашылық кеш концерттік бағдарламаға ұласты.